ДЗЮДО: Қызылорда командасы жеңімпаз атанды
10:16, 16 Маусым 2014
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 12-15 маусым аралығында Павлодар қаласында дзюдодан 1999-2000 жылдары туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында Қызылорда облысының құрама командасы 10 жүлдемен жалпыкомандалық есепте 1-орынды (4 алтын, 6 қола медаль) жеңіп алды, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова.
Екінші орынға Алматы қаласының (3 алтын) спортшылары жайғасса, Астана қаласының (3 алтын) құрамасы үшінші орынға тұрақтады.
Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 300-дей спортшы 17 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Жекелей есепте 36 келіде Бибіхан Нәбиева, 48 келіде Арайлым Ханзада, 57 келіде Аружан Байзақ, 63 келіде Әсел Жарылқасын жеңімпаз атанып, спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.
38 келіде Жандос Жұмамұрат, Мәлика Алпысбай (44 келі) мен Рауан Бекалы (55 келі), қармақшылық Ақерке Жұмаділова (48 келі), 63 келіде Арайлым Оразбай және 73 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен түгіскендік спортшы Нұрберген Алдаберген қола жүлдені иеленді.