Дзюдо: Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі Grand Slam турнирінің финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Тбилисиде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam турнирінде алтын жүлде үшін таласады.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Нұрқанат 66 келіге дейінгі салмақта финалда әзербайжандық Туран Байрамовпен татамиге шығады.
Н.Серікбаев айтулы дода барысында франциялық Дрисс Массон Жбилоу, әзербайжандық Рашид Елкиев, ширек финалда кипрлік Петрос Шрицодоулидесті тізе бүктірді. Жартылай финалда Grand Slam турнирінің төрт дүркін жүлдегері, испаниялық Дэвид Гарсиа Торнеден айласын асырды.
Тағы бір қазақстандық Талғат Орынбасар 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдеседі. Оның жұбаныш финалдағы қарсыласы — украиналық Артем Лесюк.
Жарыстың финалдық кезеңі Қазақстан уақытымен сағат 18.00-де басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдошы Әділет Алматтың Аустрияда Гран-при турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.