НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тель-Авивте (Израиль) дзюдодан өтіп жатқан әлемдік «Grand Slam» турнирінде Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың екінші күні 73 кг салмақта татамиге шыққан Жансай Смағұлов олжалы болды.
Ол дода барысында әуелі грузиялық Георгий Чикхелидзені ұтты. Содан кейін италиялық Джованни Эспоситодан басым түсті. Тек жартылай финалда өзбекстандық Обидхон Номоновқа есе жіберді.
Қола жүлде үшін бәсекеде Жансай германиялық Игорь Виндткеден айласын асырды.
Осылайша Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бауыржан Нарбаевтың күміс жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ кеше Мағжан Шамшадин үздік үштікке ілікті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).