АСТАНА. KAZINFORM - Дзюдодан 19-24 мамырда Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы белгілі болды.
Әлемдік додада еліміздің атынан алты салмақта жеті балуан бақ сынайды. Олардың қатарында Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева (48 келі), Бақыт Құсақбаева (57 келі), Эсмигуль Куюлова (63 келі), Екатерина Токарева (70 келі), Аруна Жангелдина (78 келі), Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) татами төрінде тартысқа түседі.
Әлем чемпионатында 90-нан астам елден 460-тан астам балуан келеді деп жоспарланған.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі мәресіне жетті.
Елордада өткен турнирде қазақстандық балуандар төрт медаль олжалады. Жарыс барысында Ғалия Тынбаева алтын алса, Елдос Сметов (60 келі), Бақытжан Абдурахманов (73 келі) және Абылайхан Жұбаназар (81 келі) қола жүлдегер атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.