АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында тағы бір қазақстандық спортшы қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, жарыстың үшінші күні татамиге шыққандардан тек Айдар Арапов қана жүлдеге ілікті.
А.Арапов 81 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жартылай финалда украиналық Тимур Валиевке есе жіберді. Дегенмен, қола жүлде үшін бәсекеде қарсыласынан басым түсті.
Осы салмақта тағы бір қазақстандық Мұхаммедали Мавлидовтің қолаға қол іліктіретіндей мүмкіндігі болды. Алайда, ол жұбаныш белдесуінде сербиялық Радулдж Милджаннан жеңіліп қалып, чемпионатты жетінші орынмен аяқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан қоржынына тағы екі медаль түскенін жазған болатынбыз.
Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 4 қола медаль алып отыр.
Дүниежүзілік дода 29 қыркүйек күні мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).