АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 6 қазанда Өзбекстан астанасы -Ташкентте басталатын дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық үш балуан сайысқа түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүбірлі дода 6-13 қазан аралығында өтеді. Онда еліміздің атынан барлығы 17 спортшы қатысады. Оның 9-ы ерлер, 8-і әйелдер арасында сынға түседі.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлерден Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин (екеуі де 60 келі) және әйелдерде Абиба Абужақынова (48 келі) татами төрінде тартысқа түседі.
Елдос Сметов алғашқы белдесуін 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған әзербайжандық Карамат Хусейновпен өткізсе, Мағжан Шәмшадин Анджело Пантаномен шеберлік байқасады.
Ал Абиба Абужақынованың алғашқы қарсыласы - бразилиялық Аманда Лима.
Іріктеу белдесулері 6-13 қазан сағат 11:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.