АСТАНА. KAZINFORM – Ташкент қаласында дзюдодан әскери қызметшілер арасында әлем чемпионатында қазақстандықтар Екатерина Токарева мен Кәмила Берліқаш қола жүлдені жеңіп алды.
ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Екатерина Токарева 78 келіге дейінгі салмақта үшінші орынға таласта өзбекстандық Муштарийбегим Авзаловадан айласын асырды.
Сондай-ақ ҚР Қарулы күштерінің тағы бір қызметшісі Кәмила Берліқаш 78 келіден жоғары салмақта қола жүлде үшін бәсекеде франциялық Нокес Манонды ұтты.
Осыған дейін қазақстандықтардан Нұрқанат Серікбаев 60 келіге дейінгі салмақта чемпион атанса, онымен финалда күрескен Шерзод Давлатов күміс жүлдені қанағат тұтқан еді. Ал Жанарыс Рахметқали (66 кг) мен Бақытжан Абдурахманов (73 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрқанат Серікбаевтың әскерилер арасында әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).