НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан дзюдодан Азия біріншілігінде ел құрамасы қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық Данияр Шамшаев 73 келі салмақта чемпион атанды. Ол финалда өзбекстандық Муроджон Юлдошевтің осал тұсын тапты.
Белдесу өте жылдам аяқталды. Данияр қарсыласының әлсіз тұсын байқап, «иппонға» қол жеткізді. Нәтижесінде белдесу уақытынан ерте тоқтатылды.
Есе салсақ, бұдан бұрын құрлықтық додада әйелдер арасында Абиба Абужакынова (48 келі) күміс медаль алды.
Ал ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мағжан Шәмшадин пен Ғұсман Қырғызбаевтың (66 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, құрлықтық дода 7 тамыз күні мәресіне жетеді. Аталған додаға Азияның 19 елінен келген 200-ден астам балуан 14 салмақта бақ сынауда. Олардың қатарында еліміздің атынан 18 балуан қатысып жатыр.
Фото: www.facebook.com/kazjudoteam
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.