АСТАНА. KAZINFORM - Дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатының екінші күнінде 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Ел құрамасынан Інжу Жұмажан (57 келі) алтын, Тоғжан Төлебай (70 келіден жоғары) күміс алса, Ерасыл Болатбек (81 келі), Ұлдана Қожаназарова (70 келі), Ердәулет Жұмабай (90 келі) қола жүлдегер атанды.
Айта кетсек, бұдан бұрын 11 қыркүйекте ел құрамасынан Фархат Зейнолла (50 келі) чемпион атанса, Бекнұр Амангелді (55 келі), Таңжарық Момынтай (60 келі), Заманбек Бақтығали (66 келі) күміс медаль алды.
Ал Әбіш Пердалы (50 келі), Аслан Ерғалиев (55 келі), Зере Талғатқызы (40 келі), Аяжан Ринатқызы (48 келі) және Жанайым Маратбек (52 келі) үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпы саны 2 алтын, 4 күміс және 8 қола жүлдемен жалпы медаль кестесінде 3-ші орынға жайғасты.
Айта кетерлігі, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтіп жатыр. Құрлықтық біріншілікке 21 елден 200-ге жуық татами шебері бақ сынауда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.