Дзюдодан Еуропа кубогында Ғалымжан Қырықбай чемпион атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Чехия астанасы Прага қаласында өткен дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Еуропа кубогында Қазақстан қоржынына алтын және күміс медаль түсті.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Балуандар қос жүлдені 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алды. Қазақстандық қос балуан ақтық сында өзара күш сынасты.

Белдесу барысында Ғалымжан Қырықбай жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салса, Жантілек Нұртілекұлы күміс жүлдеге ие болды.

Айта кетсек, бұдан бұрын байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 60 келі салмақта сынға түскен Шерзод Давлатов финалда Франция елінің өкілі Ян Мотоли Бонгамбені жеңіп, алтыннан алқа тақты.

Сондай-ақ 66 келіде ел намысын қорғаған тағы бір жерлесіміз Нұрәділ Әлжан қола жүлде еншіледі.

Айта кетейік, бұл додаға 38 елден 412 татами шеберлері қатысып жатыр. Айтулы жарыс 28 маусымға дейін жалғасады.