АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкентте дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінде қазақстандық Нұрқанат Серікбаев финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, Нұрқанат 60 келіге дейінгі салмақта соңғы бәсекеге жолдама алды.
Финалға дейін қазақстандық дзюдошы төрт белдесуін сәтті өткізді. Алдымен БАӘ өкілінен, сосын әзербайжандық балуаннан айласын асырды. Ширек финалда өзбекстандық Ділшотбек Баратовтан басым түсті. Ал жартылай финалда 2019 жылғы әлем чемпионы, грузиялық Лукуми Чхвимианиді тізе бүктірді.
Н.Серікбаев финалда оңтүстіккореялық Ким Вон Джунмен алтын жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ташкентте өтетін әлемдік Grand Slam турниріне Қазақстан дзюдошылары қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).