Дзюдодан Қазақстан чемпионаты: командалық жарыста Атырау облысы үздік шықты
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде 4 күнге созылған дзюдодан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы
Біріншіліктің шешуші турында аралас-командалық жарыста жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Аталған бәсекеде Алматы қаласының құрамасын жеңген Атырау облысының жасөспірімдері чемпион болды. Алматылықтар күмісті қанағат тұтты. Қола жүлдеге Астана қаласы мен Қарағанды облысының командасы ие болды.
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясыФото: Қазақстан дзюдо федерациясы
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жекелей жарыс нәтижесі бойынша жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласы (3 алтын, 2 күміс, 5 қола) көш бастады. Алматы қаласының (3 алтын 1 күміс, 1 қола) спортшылары екінші орыннан көрінсе, Қарағанды облысының (3 алтын, 3 қола) құрамасы спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясыФото: Қазақстан дзюдо федерациясы
Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан 2008-2009 жылы туған 836 жасөспірім дзюдошы қатысып, бақ сынады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Қазақстан чемпионатында жекелей сайыстар аяқталғанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).