АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Манама қаласында өтіп жатқан (Бахрейн) жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 4 алтын, 5 күміс және 5 қола алды.
Қазақстан дзюдо федерациясы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осы спорт түрінен бәсекелер екі күнге созылды.
Ұлттық құрамадан Әділжан Нұрбекен (-50 кг), Бекәли Еркен (-66 кг), Фатима Сұпығалиева (-52 кг) және Айша Алтай (-70 кг) қарсылас шақ келтірмей, жарыс чемпионы болды.
Аслан Ерғалиев (-55 кг), Алуа Балтабай (-48 кг), Сейфіл Дәулеткерей (-73 кг), Шыңғысхан Тәңірберген (-90 кг) мен Әділжан Жаудинов ( 90 кг) күміспен күптелді.
Ал Адия Жанахмет (-40 кг), Інжу Сахабадин (-44 кг) Інжу Жұмажан (-57 кг), Азима Серік (-63 кг) және Тоғжан Төлебай ( 70 кг) Қазақстан қоржынын қола жүлдемен толықтырды.
Азия ойындарында дзюдо бойынша бәсекеге барлығы 31 елден 182 жас татами шебері қатысты. Жалпыкомандалық медаль кестесінде Қазақстан құрамасы 2-орынға ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдошы Айша Алтайдың жасөспірімдер Азиадасында чемпион болғанын жазғанбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).