АСТАНА. KAZINFORM — Грекияда дзюдодан жасөспірімдер арасында мәресіне жеткен Еуропа кубогында Қазақстан құрамасы топ жарды.
Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық жасөспірімдер 2 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдеге ие болып, жалпыкомандалық есепте медаль кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Атап айтқанда, Гүлхан Шыңғысхан (-48 кг) мен Расул Мұқым (-81 кг) алтыннан алқа тақса, Әсел Русланова (-48 кг), Даниял Сейілхан (-50 кг) және Алтынбек Қонысбай (-60 кг) күмісті олжалады. Ал Нұрдос Досберген (-60 кг), Марғұлан Игілік (-60 кг), Әділжан Жаудинов ( 90 кг) үздік үштікке ілікті.
Аталмыш додаға 29 елден 300-ге жуық жас татами шебері қатысып, бақ сынады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы парадзюдодан Grand Prix турнирінде топ жарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).