Дзюдодан клубтар арасындағы халықаралық турнир жыл сайын ұйымдастырылады - «ТАК Астана» клубының басшылығы

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Дзюдодан клубтар арасындағы халықаралық турнир жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Астанада турнирдің ашылуына арналған баспасөз мәслихатында «ТАК Астана» клубының вице-президенті Кинталь Исламов мәлім етті.

Оның айтуынша, биыл Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған дзюдодан клубтар арасындағы халықаралық турнирге әлемге әйгілі біраз ұжымдар шақырылған болатын. Олардың ішінен Ресей, Украина, Латвия және Қырғызстанның кәсіби дзюдо клубтары аталған спорт додасына қатысуға ниет білдірді.

«Осыдан бастап біз Астанадағы дзюдодан клубтық турнирді жыл сайын өткізетін боламыз», - деп атап көрсетті «ТАК Астана» клубының вице-президенті К. Исламов.

Айта кетейік, дәл қазір Астанадағы «Дәулет» спорт сарайында турнирдің іріктеу жекпе-жектері өтуде. Кешкі сағат 18.30-да ақтық сындар басталады. Турнирдің сыйақы қоры - 100 мың доллар. Бірінші орынға - 50 мың, екінші орынға - 30 мың, ал үшінші орынға - 20 мың доллар тағайындалып отыр.