Дзюдодан ұлттық құрамаға енді шетелден мамандар тартылуы мүмкін - аға бапкер Ж. Саламатов
«Олимпиададағы дзюдошылар 7 салмақта қатысты. Өкінішке орай бізге жүлде бұйырмады. Онда әлемдік рейтингтің көшбасшысы Максим Раков (100 кг.) чемпион, ал Сергей Лим (66 кг) мен Ринат Ибрагимов (73 кг) жүлдегер болады деп үміт күткенбіз. Максим алғашқы айналымда Әзірбайжан балуанына ұтылып қалды. Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысып отырғандықтан психлогиялық тұрғыдан күйіп кетті деп ойлаймын. Үздік сапынан көрінген 3 балуанды да ол бұған дейінгі жарыстарда жеңіп жүрген болатын», - дейді Ж.Саламатов.
Аға бапкердің айтуынша, енді Олимпиада ойындарынан кейін барлық жаттықтырушылар жиналып құрама ойынына талдау жасамақ. Онда алдағы жұмыс жоспары ойластырылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ келісімшарт арқылы итальяндық бапкермен жұмыс жасаған Ресей құрамасының тәжірибесі қаралмақ. КСРО тарағаннан кейін онда дзюдодан бірде-бір олимпиада жеңімпазы шықпаған еді, биыл олар 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалап отыр. Енді Қазақстан да шетелдік мамандарды тарту мәселесін қарастырмақ.