АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дзюдошы, 21 жастағы Әділет Алмат Аустрияның Линц қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінде үздік шықты. Әділет 81 келіге дейінгі салмақта финалда әзербайжандық Галандарзаде Вусалмен белдесті.
Вусал да 21 жаста. Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездескен. Есеп — 1:1.
Бұл жолы алдымен Вусал юко әдісімен алға кетті. Дегенмен Әділет Г. Вусалды әуелі вазариге түсіріп, сосын ұстау әдісімен таза жеңді.
Осылайша, Әділет Алмат спорттық жолындағы ең үлкен табысына қол жеткізді. Ол финалға дейін іріктеуде Молдова, Бразилия, Эстония дзюдошыларынан айласын асырды. Ширек финалда тағы бір әзербайжандық Омар Ражаблиді қапы қалдырды. Ал жартылай финалда Груичич Василиені тізе бүктірді.
Сөйтіп қазіргі кезде Қазақстан қоржынында екі медаль бар. Жарыстың алғашқы күні 60 келіге дейінгі салмақта күрескен Шерзод Давлатов қола жүлдеге қола жеткізген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шерзод Давлатовтың Аустриядағы Гран-придің қола жүлдегері атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).