Дзюдошы Айша Алтай жасөспірімдер Азиадасында чемпион атанды

Фото: Қазақстан ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Дзюдодан Қазақстан қыздар құрамасының өкілі Айша Алтай Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Азиадасында алтын жүлдегер атанды.

Ол 70 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. ҚР ҰОК мәліметінше, Айша ақтық сында өзбекстандық Шохиста Тураевамен белдесті.

Нәтижесінде отандасымыз қарсыласынан басым түсіп, алтыннан алқа тақты.

Сонымен қатар дзюдошы Азима Серік Манамадағы жасөспірімдер Азиадасында қола жүлдегер атанды. Отандасымыз 63 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Сондай-ақ Шыңғысхан Тәңірберген дзюдодан Манамада (Бахрейн) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында екінші орын алды. Жерлесіміз 90 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады.

Мұнымен қоса, дзюдодан Қазақстан құрамасының өкілі Тоғжан Төлебай Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Спортшы 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетті. Қола жүлде үшін өткен белдесуде қазақстандық дзюдошы таиландтық Пиятхида Сонгчайды жеңді.

Соңғы болып Қазақстан құрамасының өкілі Әділжан Жаудинов (90 келіден жоғары) финалда өнер көрсетті. Алтын жүлде үшін өткен белдесуде қазақстандық спортшы өзбекстандық Алибек Дурдиевке есе жіберді. Осылайша, жасөспірімдер Азиадасының күміс жүлдегері атанды.

Еске салсақ, 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қазақстандық дзюдошылар Аслан Ерғалиев пен Інжу Сахабадин жүлделі орыннан көрінді.