Қазақстандық дзюдошы Кәмила Берліқаш Әбу-Дабиде (БАӘ) өтіп жатқан Grand Slam турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Кәмила Берліқаш 78 келіден астам салмақта жартылай финалда италиялық Эрика Симонеттимен татамиге шықты.
Италиялық дзюдошы үш ескерту алғандықтан, жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.
К.Берліқаш алтын жүлде үшін португалиялық Нунес Рочелемен таласады.
Финалдық бәсекелер Астана уақытымен сағат 19.00-де басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбу-Дабиде өтетін Grand Slam турниріне Қазақстанның толық құрамда қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).