АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Абылайхан Жұбаназар Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Абылайхан 81 келіге дейінгі салмақта жүлдеге ілікті.
Қазақстандық дзюдошы алдымен германиялық Доминик Ресселді иппонмен ұтты.
Екінші айналымда моңғолиялық Буянцагаан Эрденебатты тізе бүктірді.
А.Жұбаназар ширек финалда жапониялық Кения Охараға есе жіберді. Дегенмен жұбаныш белдесуінде бахрейндік Аскерби Гербековті жеңді. Қола жүлде үшін бәсекеде тағы бір моңғолиялық Молд-Очир Герелтуяны қапы қалдырды.
Бұл - Абылайханның Grand Slam додаларындағы екінші медалі. Ол биыл Грузия астанасы Тбилисиде күміс жүлдеге ие болған еді. Ал өткен жылы Моңғолиядағы осы жарыста бесінші орыннан көрінді.
Кеше жарыстың бірінші күні Нұрқанат Серікбаев (-60 кг) пен Ғалия Тынбаева (-48 кг) қола жүлдеге қол созым жерден тоқтап, 5-орынға тұрақтаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Моңғолиядағы Grand Slam жарысына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).