АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Анталияда өтіп жатқан Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, жарыстың бірінші күні Нұрқанат Серікбаев 60 келіге дейінгі салмақта жұбаныш финалында моңғолиялық Арунболд Энхатайванды ұтты.
Ол өз тобынан үздік шығып, жартылай финалға дейін жетті. Жартылай финалда Украина өкілі Дильшод Халматовқа есе жіберді.
Өз тобында Цогиточир Бямбажовты (Моңғолия), әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Ким Вон Джинді (Оңтүстік Корея) және Назир Талибовты (Әзербайжан) жеңді.
Бұл - Нұрқанат Серікбаевтың Grand Slam жарыстарындағы екінші медалі. Ол осыған дейін Ташкентте өткен әлемдік додада күміс жүлдегер атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогі өтетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).