Дзюдошы Сәлімбаев Чилиде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Чилидің Сантьяго қаласында кадеттер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында отандасымыз Нұрзат Сәлімбаев (60 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.

Финалда Казбек Нагушевке (Ресей) есе жіберген Нұрзат ел қоржынына алғашқы медалді салды.

Нұрзат Сәлімбаев алғашқы белдесуінде Алижандро Ретималды (Чили), екінші айналымда Курбонали Базаровты (Тәжікстан), 1/8 финалда Томас Коузо Аспитианы (Аргентина) иппонмен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда моңғол дзюдошысы Нармандах Баянмухты иппонмен жеңіп, финалға  шыққан болатын.

Естеріңізге сала кетсек, Чилиде кадеттер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жылдың ең маңызды додасына 64 елден 428 дзюдошы қатысып, бақтарын сынауда. Әлем чемпионаты ағымдағы жылдың 13 тамызына дейін жалғасады.