АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Сұңғат Жұбатқан Душанбеде дзюдодан өтіп жатқан Гран-при турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазақстандық дзюдошы 66 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті.
Сұңғат Жұбатқан алдымен Израиль дзюдошысын, екінші айналымда жарыс қожайыны Нұрали Эмомалиді жолдан тайдырды. Дегенмен ширек финалда ресейлік Мурад Шопановқа есе жіберді.
Одан кейін жұбаныш белдесінде ұлыбританиялық дзюдошыны жеңіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Мұнда ол испаниялық Адриан Нето Чинарродан басым түсті.
Бұл – ұлттық құраманың осы турнирдегі алғашқы медалі.
Фото - «Спортты дамыту дирекциясы»
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).