Е.Досаев: Катар Таяу Шығыстың Қазақстандағы ең ірі инвесторларының бірі бола алады
«Біздің қарым-қатынасымыздың әсіресе, сауда-экономикалық салада әлеуеті өте жоғары. Меніңше, бүгін қол қойылатын құжаттар осы елдің ірі бизнес өкілдерімен, ресми тұлғаларымен жан-жақты талқыланатын болады. Жалпы, Катар Таяу Шығыстың Қазақстандағы ең ірі инвесторларының бірі бола алады деп болжауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, екі елдің арасында талқыланып жатқан салалар өте кең. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік, қонақ үй қызметі, мұнай-газ мәселесі сынды салалар бар.
«Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, спорт салаларында да жаңа тығыз байланыстар орнатылмақ. Меніңше, бұл сапар қазақстандық-катарлық ынтымақтастыққа тың серпін беретін болады», - деді Е.Досаев.
Ол өз сөзінде Катардың инвестициялық қоры Қазақстан мен Қытай арасында құрылған инвестициялық қорға қаржы құятындығын да атап өтті.
«Біздің Қытай Халық Републикасымен бірге бастаған қорымызға Катар инвестициялық қоры 100 млн. доллар салайын деп отыр. Бұл - бастапқы сомасы. Одан кейін жұмыстарымыз әрі қарай дұрыс өрбитін болса, оның көлемін арттырамыз деген мақсатымыз бар», - деді министр.