«е-Gov.kz» порталында мемлекеттік қызметтерді талқылау жөніндегі сервис іске қосылды

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жөніндегі өзінің ұсынысын енгізгісі келетін әрбір қазақстандық үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды.

 Енді «eGov.kz» порталында іске қосуға жоспарланған қызметтерді талқылау жөніндегі сервис қызмет ете бастайды. Бұл туралы аталған порталдың баспасөз қызметінен хабарланды.

 «Азаматтар осы арқылы даярлау үдерісіне қатысып, қандай да бір қызмет түрлері бойынша ұсыныстарды бере алады. Аталған сервис  ол мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен қызметтерді берудің сапасын жақсартудың қорытынды нәтижесіне әсер етудің нақты мүмкіндігі» - дейді «Электрондық үкімет» құзырет орталығының директоры Тимур Байжұманов.

 Іске қосуға жоспарланған қызметтер бойынша азаматтардың  түсініктемелерін қалдыру жұмысы өте қарапайым: www.egov.kz сайтына еніп, басты бетте «Қызметтерді талқылау» тарауын таңдау қажет. Сосын ашылған «терезеде» пайдаланушы өзін қызықтыратын жобаны таңдайды және өзінің ескертуін қалдырады. Порталда авторизациялаудың қажеті жоқ - Google, Facebook, Twitter, Disqus немесе Yahoo желілеріндегі өздерінің есептік жазбаларының бірімен енуі жеткілікті.

 Қазіргі кезеңде «eGov.kz»  әртүрлі қызметтерінің 19 жобасы талқылауға ұсынылды. Олардың ішінде  тұрғылықты орны бойынша тіркеу және тіркеуден алу, төлқұжатты және жеке куәлікті беру, автомобильдерді тіркеу және нөмірлік белгілерді алу қызметтері бар.

Талқылау барысына  жаңа қызметтерді әзірлеушілер тікелей қатысады. Олар барлық келіп түскен түсініктемелерді қабылдап қана қоймай, оларға жауап береді. Сонымен қатар «электрондық үкімет» мамандары нақты мемқызметті автоматтандыру қалай жүретінін, оны алу қаншалықты қысқаратынын, оны алу үшін қандай құжаттар қажет екендігін (жалпы қажет пе) нақтырақ сипаттап береді.

 Тарауда барлығы іске қосуға жоспарланған қызметтердің 50-ден астам  жобасы, рұқсат беру құжаттарының 80-ге жуық жобасы орналастырылатын болады.

 Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңында 60 пайыз, 20123 жылдың соңында - 100 пайыз әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер электрондық форматқа көшірілетінін тағы да еске салғымыз келеді.