«Е-Islam» ақпараттық ғаламтор сайтын жасау бойынша жұмыс жүргізілуде - Дін істері агенттігінің төрағасы

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Биылғы бірінші тоқсанда 500 сайттың мазмұнына талдау жүргізіліп, оның ішінде құқыққа қайшы сипаттағы материалдары бар 20 шетелдік ғаламтор ресурсы анықталды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мәлім етті.

«Е-Islam» ақпараттық ғаламтор сайтын жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл сайт халықтың дінге сенуші немесе дінге қызығушылық танытушы бөлігінің дәстүрлі исламның рухани-мәдени құндылықтарына қызығушылығын арттыруға, руханият пен мәдениеттің қазақы дәстүрлерін насихаттауға, сондай-ақ, деструктивті сипаттағы дәстүрлі емес исламдық ағымдардың идеялары мен қызметінің таралуына жол бермеуге бағытталады»,-деді ведомство басшысы.

Ол тұрақты негізде діни-экстремистік және лаңкестік топтардың ақпараттық өрісіне шектеу қою мақсатында ғаламтор сайттарына мониторинг жүргізу бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын сөз етті. «Сайттарға Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін материалдарды анықтау мақсатында дінтану сараптамасы жүргізіліп, егер аталған белгілер анықталған жағдайда оларды жабу бойынша әрі қарай шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға жіберіледі»,-дейді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, 2013 жылдың бірінші тоқсанында Агенттік 500 сайттың мазмұнына талдау жүргізді, оның ішінде құқыққа қайшы сипаттағы материалдары бар 20 шетелдік ғаламтор ресурсы анықталды.

«Бұдан басқа, биылғы бірінші тоқсанда мемлекеттік органдардың сұратуы бойынша 30 ғаламтор ресурсының мазмұнына дінтану сараптамасы жүргізілді, оның ішінде құқыққа қайшы сипатқа ие материалдары бар 17 сайтқа жүргізілген дінтану сараптамасының қорытындылары шешім қабылдау үшін прокуратура органдарына жолданды. Сондай-ақ, сайттарға орналастырылған 34 материалдың мазмұнына дінтану сараптамасы жүргізілді»,-деп тоқталды Қайрат Лама Шариф.