Ерлан Қариннің пікірінше, бұл құбылыс қазір «сенімсіздік» деген сөздің аясына сыймайды, бұл құбылыс қазір нағыз ашық теке-тіреске айналған.
«Сенімсіздік бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Оны біз анық көріп отырмыз. Тіпті, бұл құбылысты 10-15 жыл бұрын «сенімсіздік» деп айта алар едік, қазір бұл сенімсіздік емес, алып мемлекеттер арасындағы ашық теке-тіреске, қақтығысқа айналып отыр. 10-15 жыл бұрын әлемдік сарапшылар «болашақта алып мемлекеттер арасында тікелей әскери қақтығыстар болмайды, мемлекеттер жанама түрде шиеленіске баруы мүмкін» деп айтар еді. Бірақ, соңғы уақыттағы әлемдік саясаттағы жағымсыз тенденцияның бірі - мемлекеттер арасындағы тікелей саяси-экономикалық және әскери қақтығыстардың орын алуы күшейіп бара жатыр. Сондықтан, қазір өкініштісі, сенімсіздіктің емес, кәдімгі ашық түрдегі қақтығыстың пайда болғанын, оның өршіп бара жатқанын көріп отырмыз», - деді Е.Қарин.
Бұл ретте, Е.Қарин үш күнге созылатын ХІІІ Еуразия медиа форумы - тек талқылау алаңдарының бірі екенін және қандай да бір шешім қабылдайтындай Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясы емес екенін атап өтті.