«Е-қызмет» кадрлық жұмыстағы бюрократиялық үрдістерді жоюға көмектеседі - Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығының вице-президенті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі» тақырыбында семинар өткізді, деп хабарлайды «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-ның жетекші сарапшысы Жанар Махмұдаева.

Семинар жұмысына Қарағанды облысының 100-ге жуық мемлекеттік қызметкері, оның ішінде барлық өңірлік және қалалық әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент жетекшісі Қайыржан Токушев және Облыс әкімі аппараты кадр бөлімінің жетекшісі Жәмила Нұркенова қатысушыларға өз жылы лебіздерін білдірді.

«Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ вице-президенті Исатай Сағындықов мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды жетілдірудегі «Е-қызмет» ықпалдаcтырылған ақпараттық жүйесінің маңыздылығын атап өтті. Ол аталмыш жүйені енгізу - қағаз түріндегі құжат айналымының қысқаруы, кадрлық жұмыстағы бюрократиялық үрдістердің автоматтандырылуы және мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу конкурстарының ашықтығын жоғарылатуда өз септігін тигізетіндігін атап өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жоспарлау және бюджет бөлімі меңгерушісінің орынбасары Оңғарбай Дәнебеков семинар қатысушыларын «е-қызмет» жүйесі қызметінің негізгі қағидаларымен таныстырып, осы жобаның сәтті жүзеге асуы нәтижесінде, персоналды басқару жұмысы тиімділігінің халықаралық тәжірибеге сай жоғарылайтындығын атап өтті.

Ал мемлекеттік қызмет персоналын басқару саласындағы үздік еуропалық тәжірибе ретінде голланд үлгісі - P-Direkt туралы ЕО жобасы шешуші сарапшылары Константин Сокульский мен Максимилиан Федингер баяндады. P-Direkt - Нидерланды Корольдігінің 10 министрліктің адами ресурстарды басқару қызметтерінің кадрлық үдерістерін орталықтандыру мен стандарттауға арналған үкіметтік ұйымы. Осы жүйені енгізу нәтижесінде үкіметтің әкімшілік шығындары қысқарды және көрсетіліп отырған HR-қызметтерінің сапасы анағұрлым жоғарылады.

Еуропалық Одақтың «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметі реформасы және модернизациясы» жобасы - мемлекеттік басқару мәселелері бойынша еуропалық тәжірибені Қазақстанда интеграциялау мақсатында жүзеге асатын халықаралық бастама. Жоба компоненттерінің бірі мемлекеттік органдардағы кадрлық қызметтердің әлеуетін жоғарылатуға және «Е-қызмет» ықпалдаcтырылған ақпараттық жүйесін жүзеге асыруда сараптық қолдау көрсетуге бағытталған. Жобаның жалпы бюджеті - 4,6 миллион евро.