Е.Нұрғалиева: Мемлекеттік қызметтегі реформалар, ең алдымен, жастарға керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметтегі реформалар, ең алдымен, жастарға керек. «ҚазАқпарат» тілшілеріне берген сұxбатында «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті Еңлік Нұрғалиева осындай пікір білдірді.

«Президент мақаласында айтылған міндеттер жалпы мемлекетке ғана емес, біздің қоғамымыздың дамуы үшін де қажетті. Себебі, ол біздің өмірімізге тікелей әсер етеді, онда экономикалық дағдарыс пен геосаяси мәселелерден шығудың нақты жолдары көрсетілген.

Мақалада мемлекетіміздің экономикалық дағдарысқа төтеп беруі үшін не істеу керек, инвестицияларды тарту бағытында қандай қадамдарды жүзеге асыру қажеттігі егжей-тегжейлі жазылған», - деді Е.Нұрғалиева ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласына қатысты берген пікірінде.

Сарапшының сөзі бойынша, мақалада атап көрсетілген келесі маңызды тақырып - мемлекеттік аппаратты жетілдіру реформасы.

«Мемлекеттік қызметке іріктеу жүргізу кезінде меритократия принципін ұстану - менің ойымша, бізге керек ең маңызды нәрселердің бірі. Елбасы атап өткен мемлекеттік қызмет реформаларында ол нақты айтылған. Сырттан ешкімнің көмегінсіз, жемқорлықсыз мансаппен көтерілу - осының барлығы түптеп келгенде оң нәтижелер береді.

Бұл, әсіресе, жас мемлекеттік қызметкерлерге керек. Себебі, олар жақсы жұмыс жасайтын болса, мансаппен көтерілетінін, тиісінше тәуір жалақы алатынын білетін болады», - дейді Е.Нұрғалиева.