Е. Орынбаев: БЭК аясында келетін мигранттарды әлеуметтік сақтандыру мәселесін ұлттық заңнамада қарастыру керек

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында елімізге келетін мигранттарды әлеуметтік сақтандыру мәселесін ұлттық заңнамада қарастыру керек.

Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2011 жылдағы қорытындысына арналған алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев мәлім етті.

Қазақстан 1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында жұмыс істеп жатқанына тоқталған Үкімет басшысының орынбасары: «Елімізге мигранттар келетін болады және әсіресе ықпалдастық бірлестіктің өсуіне байланысты бұл тұрғыдағы әлеует жоғары болмақ. Осы орайда біздің ұлттық заңнамада әлеуметтік сақтандырудың әралуан түрлерін қарастыру қажет. Бірінші кезекте бұл медициналық сақтандыруға қатысты болуы тиіс»,-деді.

Оның сөзіне қарағанда, Бірыңғай экономикалық кеңістік бойынша Беларусь пен Ресей мигранттары медициналық көмекпен квота аясында қамтылмайтын болады. Сондықтан да олар еліміздің бюджетіне ауыртпалық түсірмес үшін, аталған шараларды іске асыру шарт. Мигранттардың жұмысқа тұруына тосқауыл болмаса да, оларда медициналық немесе басқа да әлеуметтік сақтандыру түрлері болуы тиіс.

«Біз бұл тұрғыда келістік. Ресейліктер бұл қамды жасағысы келмесе де, осының аясындағы келісімдерде біз оларды көндірдік. Енді біздің ұлттық заңнамада осыны қарастыру керек»,-деді Е. Орынбаев.