Конституция реформасы: «Е-Өтінішке» түскен ұсыныстар саны 4 мыңнан асты

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жаңа Конституцияның жобасы жарияланғаннан бері Ата заң айналасындағы пікірталас жанданғанын айтты.

— Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап қоғамдық талқылау айтарлықтай жандана түсті. Азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері «е-Өтініш» платформасына әлі де түсіп жатыр. Қазір олардың жалпы саны 4 мыңнан асты. Ұсыныстар тек азаматтардан ғана емес, сарапшылардан да келіп жатыр. Адвокаттар қауымдастығынан келіп жатқан ұсыныстар да аз емес, — деді Жандос Шаймарданов.

Ол азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды үш топқа бөліп сипаттады.

— Біріншісі — Конституцияның қоғамдық санадағы рөлін қайта пайымдау. Жаңа Конституцияның жобасын талқылау барысында Ата заңға деген қоғамның көзқарасы өзгеріп келе жатқаны байқалады. Азаматтардың едәуір бөлігі Конституцияны тек мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктерін айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана емес, мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін, құндылықтар мен қағидаттарды бекітетін тұғырлы мәтін ретінде қабылдай бастады. Азаматтардың ұсыныстарында Конституциялық нормалар нақты қолданбалы сипатқа ие болып, күнделікті өмірге, әлеуметтік әділетке және мемлекеттік шешімдердің сапасына тікелей әсер етуге тиіс деген үміт айқын көрініс тапқан, — деді институт директоры. 

Айта кету керек, өткен апта аяғында жарияланған жаңа Конституцияның жобасында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы норма 9-бапта орналасқан. Ол жерде мемлекеттік тіл — қазақ тілі екені, ал мемлекеттік мекемелер мен өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылатыны айтылған.