Е.Сайыров: Президент сайлауы еліміздегі саяси менеджменттің өте жоғары екенін паш етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент сайлауы еліміздегі саяси менеджменттің өте жоғары екенін паш етті. Бұл пікірді бүгін «Аманат» интеллектуалды пікір-сайыс клубының кезекті отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген саясаттанушы Ерлан Сайыров білдірді.

«Сайлау өте жоғары деңгейде өтті. Мен өзім Ақмола облысының кейбір ауылдарында болдым. Сонда дауыс беру барысы салтанатты реңкке ие болғанын көрдім. Бұл біздің еліміздегі саяси менеджменттің өте жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Осы саяси менеджменттің жоғары болуы халқымыздың, Қазақстан қоғамының саяси мәдениетінің белгілі бір дәрежеге өскенін байқатады», - деді ол.

Сонымен қатар ол 26 сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы Қазақстанда болашақта болатын оң өзгерістердің емтиханы деп санайтындығын баса айтты.

«Дауыс беру күнгі қазақстандықтардың тайлы-таяғы қалмай сайлау учаскелеріне ағылуында еш жасандылық жоқ. Бұған қоса, мен әлеуметтік желілерді де жіті бақылап отырдым. Егер, сайлаудың алдында 1-2 ай бұрын халықта пессимизм басым болса, дәл сайлау күні әлеуметтік желілердің басым бөлігі өздерінің сайлауға барғанын, дауыс бергенін жария етті. Яғни, дауыс беру оптимизм жағдайында өтті», - деді Е.Сайыров.