Э.Сноуден британдық арнайы қызмет жұмысындағы «сұрқия әдістерді» жария етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде қашқынға айналған АҚШ арнайы қызметінің қызметкері Эдвард Сноуден жария еткен құжаттарға сәйкес, британдық арнайы қызмет құрамында өз жұмыстарында «сұрқия әдістерді» кеңінен пайдалануға маманданған жеке бөлімше жұмыс істеген, деп хабарлады ВВС.

Сын-қатерлерді зерделеу және барлау жөніндегі арнайы топ DDoS-шабуылдарын ұйымдастырып, компьютерлік вирустар әзірлеген. Британдық арнайы қызметтер жаппай хабарлама жіберу әдісін Ауғанстанда «Тәліптер» қозғалысының содырларына қарсы пайдаланған. Бұл олардың коммуникациялық жүйелеріне кедергі келтіруге зор мүмкіндік берген.

Арнайы топтың негізгі міндеті алауыздық туындату арқылы «жауларды жою, әлсірету және тарату» болды. Агенттер қысым жасау құралы ретінде әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланды. Олар әшкерелейтін ақпараттар таратып, басқа адамдардың атынан хабарламалар жіберді және өсек-аяңды әдейі туындатып отырды.