Э. Сноуден өзін Мәскеудің жансызы деген айыптауды жоққа шығарды

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден америкалық New Yorker журналына берген сұхбатында өзінің ресейлік тыңшы емес екенін атап өтті.

Сонымен қатар АҚШ-тағы кейбір лауазым иелерінің оны ресейлік тыңшы деген айыптауларын шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлады.

Осы орайда Э. Сноуден «іс-әрекеттерін ешкімнің көмегінсіз жалғыз атқарғандығын» алға тартуда.

Ол Ресейдің жансызы еместігі туралы дәлелдемелерін айта келе, алдымен Гонконгке барғанын, тек содан кейін ғана Шереметьево әуежайында тұтылып қалғанын сөз етті.

Эдвард Сноуден 2013 жылдың мамырында АҚШ-тан қашқанға дейін Ресейге жұмыс істеуі мүмкін деген болжамды америкалық конгрестің барлау бойынша өкілдер комитетінің төрағасы Майк Роджерс айтқан болатын. Алайда өзінің осы пікірінде Роджерс дәйекті деректерді келтіре алмады.

Бұдан бөлек, Сенаттың барлау бойынша комитетін басқарып отырған сенатор Дайан Файнстайн бұрынғы агент Сноуден Ресей тарапынан көмек алуы мүмкін деп мәлімдеген еді, бірақ та бұл туралы әзірге еш айғақтар жоқ.

Өз кезегінде Федералды тергеу бюросы Сноуден іс-қимылдардың барлығын өзі жалғыз жүзеге асырды деп пайымдап отыр.