Э.Сноуден Washington Post газетіне АҚШ арнайы қызметінің «көлеңкелі бюджеті» туралы құпия мәліметтер берді

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Америка арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден Washington Post газетіне АҚШ арнайы қызметінің бірнеше миллион долларлық «көлеңкелі бюджеті» туралы құпия мәліметтер берді. Бұл туралы Би-Би-СИ хабарлады.

Аталған ақпаратқа сәйкес, Орталық барлау қызметінің бюджеті бәрінен де көп, ол 14,7 млрд. долларды құрайды. Ал, жалпы 16 барлау ведомствосына жыл сайын 52,6 млрд. доллар шығындалады.

Бюджеті бойынша 2-ші орында АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі тұр. Оның ағымдағы жылы шығыны 10,8 млрд. долларға тең.

Washington Post басылымның жазуына қарағанда, 2004 жылдан бергі уақытта Орталық барлау қызметінің бюджеті 50 пайыздан астамға ұлғайған. Агенттерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын операцияларға жылына шамамен 5 млрд. доллар бөлінеді. Оның 67 млн. доллары шекарадан тысқары жерлерде шпиондардың жалған құжаттармен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жұмсалады.