Е.Сұлтанов: Солтүстікке қоныс аударғандарға көкөніс шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстіктің еті тірі азаматтары солтүстікке келіп көкөніс шаруашылығын ашуына болады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммункациялар қызметіндегі брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов осылай деді.

Әкім өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек күші көп оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстікке көшіру жұмыстары қолға алынғанын атап өтті.

«Біздің делегация 300 мың адамға дейін тұратын барлық ірі аудандарды аралап шықты. Бір ауданда 300 мың адамның мекен ету біздер үшін қиял-ғажайып сияқты. Бұл жұмыстар тиімді жүргізілді. 110 үй дайындалып, оларға қазірдің өзінде 18 отбасы көшіп келді. Қалғандары бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Е.Сұлтанов.

Оның айтуынша, солтүстікке қоныстанған азматтар ұсынылған барлық көмекке ризашылық танытуда.

«Олардың басым бөлігі бізге келіп, егіс жинау науқанына қатысты. Солтүстік Қазақстанда өмір сүру жайлы екендігіне көз жеткізді. Жұмыс бар, жер бар. Әсіресе Оңтүстік Қазақстанның пысық тұрғындары бізде көкөніс шаруашылығымен айналыса алады. Ол үшін бізде жер жеткілікті», - деді облыс басшысы.