«Елімізде Абайдың туған күнін барлығы жақсы біледі. Кеңес одағы кезінен бері тамызда Абай атамыздың туған күні кең көлемде аталып өтеді. Сондықтан 5 қыркүйек - ұлт ұстазы Ахаңның туған күнін де осындай деңгейге жеткізу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Соның бірі - Тілдер фестивалін осы күнге орайластыру. Бұл фестиваль аясында көптеген шаралар ұйымдастырылып, ол 9 қыркүйекке дейін өз жалғасын табады», - деп атап өтті Е. Тілешов.
Оның айтуынша, фестивальдің мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін, қоғамдағы рөлін арттыру, қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Шараның ашылу салтанатында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қатысуымен қойылымдар көрсетіліп, Қазақстанның танымал әншілері Бауыржан Исаев, Маржан Арапбаева, Жаңабай Өтеген және т.б. өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар «Наз» би театрының бишілері қазақтың көркем билерін тарту етті. Белгілі айтыскер ақындар Балғынбек Имашев пен Әсем Ережепқызы айтысып, ұлт, тіл, ел руханиятының көкейкесті мәселелерін жырға арқау етті.