Е. Ыдырысов Министрлік басшылығымен кезекті жұмыс отырысын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР сыртқы саяси мекеменің басшысы Е. Ыдырысов Министрлік басшылығымен кезекті жұмыс отырысын өткізді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Е. Ыдырысов СІМ ұжымын және барлық қазақстандықтарды президенттік сайлаудағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жеңісімен құттықтады.

ҚР Сыртқы істер министрі қазақстандықтардың сайлауға қатысып, қазіргі Елбасының бағытына қолдау көрсеткен теңдесі жоқ белсенділігін атап өтті.

Е. Ыдырысов Қазақстанға келген халықаралық байқаушыларға алғысын білдірді. Елімізде өткен президенттік сайлауға мыңнан астам шетел қонақтары келгені белгілі, олардың 800-ден астамын бақылаушылар және шамамен 200-ін шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері құрды.

Жұмыс отырысы барысында, сонымен бірге, ел басшылығының алдағы екіжақты және көпжақты форматтағы халықаралық шараларға қатысу тізбегі, негізгі сыртқы саяси басымдықтар, соның ішінде 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын ілгерілету, дамуға ресми көмек саласында бастамаларды дамыту, астанадағы штаб-пәтерімен ИЫҰ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру, Алматы қаласында БҰҰ өңірлік дипломатия хабын құру, сонымен қатар, Қазақстанда жоспарланған бірқатар ірі шараладың - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылардың съезінің, Астана экономикалық форумының және Таяу Шығыстағы бейбітшілік мәселелері бойынша БҰҰ халықаралық медиа-форумының ұйымдастырылуында Министрліктің қатысуы талқыланды.