«Е-жедел жәрдем» инновациялық жобасы елорданың жедел жәрдем бригадасы жұмысын оңтайландырды

АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат - Инновациялық жоба аясында қалалық медициналық жедел жәрдем базасы негізінде «Е-жедел жәрдем» жобасы іске қосылды.

Қазіргі кезде жедел жәрдем бригадасы 64 планшеттік құрылғымен жабдықталған. Планшеттік құрылғыға үш: GPS-навигация, IP-телефония, электронды медициналық анықтамалық қызметі енгізілген. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті.

Бағдарламалық кешенді жаңарту іс-шаралары жүргізіліп, басқа да бағдарламалық жүйелермен ықпалдастыру жүзеге асырылуда.

Аталған жобаны енгізу жедел жәрдем бригадасы көмегін оңтайландыруға мүмкіндік туғызды. Атап айтқанда, шақыртулардың саны тым көбейіп, жедел жәрдем бригадасы жетіспеген жағдайда өте шұғыл әрекет етуге, қаланың медицина қызметкерлері арасындағы сабақтастықты жақсартуға, қайталама шақыртулар мен кідірістерді азайтуға, жедел жәрдем көмегінің шығындарын төмендетуге, пациенттердің мекен-жайларын тез және дәл табуға, сондай-ақ, диагноздардың дұрыс қойылуын және бригаданың кінәсінен болатын қайталама шақыртуларды азайтуға қол жеткізілді.

Ведомстводан хабарлағанындай, «Е-жедел жәрдем» жобасын енгізу нәтижесінде науқасқа жету уақыты орта есеппен 5 пайызға жақсарды. Пациенттердің қайталап шақырулары 8, жедел жәрдем бригадасын шақырғаннан кейін болатын өлім 6,2 пайыз азайды.