ЕАЭО аумағында тауар транзитін навигациялық пломба арқылы бақылауға арналған заң қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістік жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауар транзитін навигациялық пломба арқылы бақылауға арналған заң қабылданды

Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Заңды таныстырған Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов бұл құжат Қазақстанның транзит әлеуетін арттырып, салаға тәртіп орнататынын айтады.

- Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған кедендік транзиттің бірыңғай жүйесі туралы келісім – ұйым аясындағы транзитті реттейтін үшінші маңызды халықаралық шарт. Ол кедендік транзиттің бірыңғай жүйесінің негізгі қағидаттарын айқындап, үшінші елдермен халықаралық шарттар жасасу талаптарын белгілейді, - деді вице-министр.

Айтуынша, ЕАЭО аумағындағы барлық жағдайлар мен процестерді стандарттауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге мынандай өзгерістерге:

- транзит кезінде кедендік операцияларды бірыңғай тәртіппен жүргізуге;
- транзиттік декларацияның бірыңғай мәліметтерін пайдалануға;
- кедендік баждар мен салықтарды төлеудің бірыңғай тәртібін қолдануға;
- кедендік операцияларды жасау кезінде ақпарат алмасуды жеделдетуге;
- навигациялық пломбалар арқылы тауарларды жеткізу уақытын қысқартуға;
- тасымалдаушылар мен бизнес шығындарын төмендетуге ықпал етеді.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкентте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында жүк ағындарын үйлестірудің интеграцияланған платформасын құруды ұсынған.