ЕАЭО аумағында жаңадан тіркелген дәрілердің 300-ден астамы — қазақстандық өнім

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов Үкімет отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аумағныда тіркелген қазақстандық дәрілердің үлесі артып жатқанын мәлім етті.

— Биыл дәрілік заттарды Еуразиялық экономикалық одақ рәсімдері аясында тіркеу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл тіркелген дәрілердің жалпы санын 60%-ға көбейтеді. Олардың ішінде 300-ден астамы — қазақстандық дәрілер.

Вице-министрдің сөзінше, бұл тұрғыдан Қазақстан өзге одақтастарымен иық тірестіретіндей деңгейге жеткен.

— Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тіркелген дәрілік заттар бойынша салыстырмалы талдау нәтижесінде Қазақстан нарығы көрсеткіштері өзге елдерден кем түспейді, бұл кең ассортименттің бар екендігін көрсетеді, — деді Тимур Мұратов.

Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылап жатыр.