ЕАЭО аясында үшінші елдермен саудада техникалық кедергілерді жою шарттары айқындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы Келісімге қол қою Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабында ескерілген. Келісім мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасындағы ЕАЭО-ның техникалық регламенттері қолданылатын өнімге қатысты кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды. Осыған дейін ЕАЭО-ның 52 техникалық регламенті қабылданды, оның 45-і күшіне енді», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, келісімді қабылдау ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Келісімде сондай-ақ мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалылығы қамтамасыз етілуі тиіс екендігі көзделген. Ұсынылған тәсіл отандық өнімді ілгерілетуге бағытталған. Келісімде қолданыстағы заңнаманың талаптары ескерілген, осыған байланысты оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді», - деді министр.