Бұл туралы елордадағы «Эталон орталығында» ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Тамақ өнімдері және орны ауыстырылатын нысандар қауіпсіздігі басқармасының басшысы Александр Раззаренов мәлім етті, деп хаббарлайды ҚазАқпарат.
«Балалар үшін тағамдық балық өнімдерін тек бөлек цехтарда ғана өндіруге болады. Бірден үш жасқа дейінгілерге бөлек желі немесе басқа ауысым қажет. Атап айтқанда, балалар тағамына талаптар жалпы ережеге қарағанда өзгешелеу»,-деді ол ЕАЭО аумағында балық өнімдерін өндіруге, сақтауға және сатуға қатысты енгізіліп отырған жаңа талаптарды түсіндіру барысында.
Бұдан бөлек ол әзірленген бірыңғай техникалық талаптарда кемемен балық аулауға қатысты процесті регламенттейтін бөлім бар екенін атап өтті.
«Бұл аулаудың ерекшелігіне қатысты, себебі өнімнің басым бөлігі ауланатын балықтардан жасалады. Сондықтан осы тұрғыда кемелер мен ондағы өндірісті ұйымдастыруға байланысты тікелей талаптар болуы тиіс. Осы ретте кемеде балық 8 сағаттан астам сақталатын болса, онда тоңазытқыштармен жабдықталуы керек»,-деп түсіндірді Александр Раззаренов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап Еуразиялық экономикалық одақ аумағында балық және балық өнімдерін өндіруге, сақтау мен сатуға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді.