ЕАЭО-дағы бәсекелестік саласындағы қадамдар айқындалды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы ратификациялауға ұсынылған хаттама «Алғашқы ірі» Хаттама болып саналады. Ол бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер сарапшыларының бірлескен жұмысы төрт жылдан астам жүргізілді. Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа түзетулердің үш блогын енгізуді көздейді», - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Біріншіден, бәсекелестік саласындағы өзгерістер қамтылған. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері бәсекелестік шарттарын бұзған жағдайда, Комиссияға ескертулер мен алдын ала ескертулер беруге мүмкіндіктер ескерілген. Алдын ала ескерту алғаннан кейін шаруашылық жүргізуші субъектілер ереже бұзу жағдайларын өздері жоя алады, зардап шеккен субъектілер талаптарды бұзғандармен келісе алады. Бәсекелестікке қарсы тәжірибе жалғасқан жағдайда, белгіленген айыппұлдар қолданылатын болады.

Екіншіден, Еуразиялық экономикалық комиссияға энергетика, техникалық реттеу, макроэкономика, бәсекелестік және ветеринария салаларында қосымша өкілеттіктер беру қарастырылған. Бұл өкілеттіктер Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылған халықаралық шарттардың, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың салдары болып саналатынын және Комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өту қажет.

«Мысалы, техникалық реттеу саласында Комиссия Кеңесіне мүше мемлекеттерді аккредиттеу жөніндегі органдардың өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру тәртібін бекіту бойынша өкілеттіктер беріледі. Одақтың қолданыстағы құқығында оған сәйкес мүше мемлекеттерді аккредиттеу жөніндегі органдар өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыратын норма бар екенін атап өткен жөн. Алайда бүгінгі күні салыстырмалы бағалау жүргізудің жеке тәртібі бекітілмеген», - деді Б. Сұлтанов.

Шартта Комиссияға қолданыстағы нормаларды нақтылауға бағытталған өкілеттіктерді беруге арнайы түзетулер де бар.

Үшіншіден, техникалық түзетулер қамтылған.

«Шарттың нормаларын практикада неғұрлым толық және дұрыс қолдану мақсатында Шарт бойынша бес жылдан астам жұмыс - оның жеке бөліктерін түзету қажет екенін анықтады. Бұл негізінен олқылықтарды жоюға және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт ережелерінің редакциясын нақтылауға бағытталған техникалық сипаттағы түзетулер. Тұтастай алғанда, заң жобасы республикалық бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді және теріс әлеуметтік- экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар