ЕАЭО дәрі-дәрмектерді ұлттық қағидалар бойынша тіркеуді 2027 жылдың соңына дейін ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі дәрілік заттарды ұлттық заңнама бойынша тіркеу мүмкіндігін 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі хабарлады.
— ЕАЭО елдеріндегі, оның ішінде Қазақстандағы фармацевтикалық компаниялар жаңа препараттарды бұрынғы қағидалар бойынша тіркеуді ЕАЭО-ның бірыңғай талаптарына көшпей-ақ тағы шамамен үш жылға дейін жалғастыра алады, — делінген министрлік хабарламасында.
Бұл шешім бұрын тіркелген дәрілік заттарға енгізілетін өзгерістерге де қатысты: олар да бұрынғы тәртіппен енгізіле береді. Бұл денсаулық сақтау жүйесінде дәрі-дәрмек тапшылығы, жеткізілімнің үзілуі сияқты қауіптердің алдын алу үшін қажет.
— Мерзімді ұзарту халықты қажетті препараттармен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Өзгерістер 2022 жылғы 10 маусымдағы ЕЭК Кеңесінің № 96 шешіміне енгізілді. Шешім 24 мамырда күшіне енеді және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Айта кетелік МӘМС жүйесіне өзгеріс енгізілгені туралы жазған едік.