ЕАЭО елдері 2025 жылы кедендік баждардан 14,4 млрд доллар жинаған

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр ЕАЭО елдерінің бюджеттеріне түскен кедендік әкелу баждарының жалпы көлемі 14,4 млрд долларға жетіп, бір жылда 5,9%-ға азайды. Алайда Қазақстан аумағында төленген баж көлемі 3,7 млн долларға артқан. Бірлескен аудит барысында кедендік баждарды бөлу тәртібінің бұзылуы анықталған жоқ. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлім етті.

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары 2025 жылы кедендік әкелу баждарын есепке жатқызу, бөлу және Одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттеріне аудару тәртібінің сақталуына жүргізілген бірлескен тексерудің қорытындысын шығарды. Аталған тексеруді үйлестіру міндетін Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы атқарды.

Талқылауға Армения Аудиторлық палатасының мүшесі Жирайр Мхитарян, Беларусь Мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы Василий Герасимов, Ресей Есеп палатасы төрағасының орынбасары Галина Изотова, Қырғызстан Есеп палатасының аудиторы Алимжан Байгазаков, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының экономика және қаржы саясаты жөніндегі мүшесі (министр) Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Әлихан Смайылов бірлескен бақылау қызметі Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Бұл негізгі міндеттермен қатар ЕАЭО ресурстарын басқару механизмдерін жетілдіруге де ықпал етеді.

— Кедендік әкелу баждарына аудит жүргізудегі бірлескен жұмысымыз ЕАЭО-ның тұрақты дамуына және елдеріміздің экономикалық мүддесін қорғауға ықпал ететініне сенімдімін, — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.

Бірлескен тексерудің нәтижелері жайлы Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Ардақ Теңгебаев баяндады. Оның мәліметінше, 2025 жылы ЕАЭО мемлекеттерінің бюджеттеріне түскен кедендік әкелу баждарының жалпы сомасы $14,4 млрд болған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда $0,9 млрд-қа немесе 5,9%-ға аз. Дегенмен Қазақстан аумағында төленген кедендік әкелу баждарының көлемі $3,7 млн-ға артқан.

2025 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары кедендік әкелу баждарын бөлу және бюджеттерге аудару тәртібінің сақталуын қамтамасыз еткен. Қолданыстағы нормативтік талаптарды бұзу фактілері анықталған жоқ.

Сонымен қатар Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар төлеген 3,5 млрд теңге көлеміндегі кедендік баждар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлінуге жатпайтыны атап өтілді. Бұл 2010 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған келісімшарттарға қатысты. Осыған байланысты бірлескен тексерудің Жиынтық есебінде ҚР Жоғары аудиторлық палатасының тиісті ескертпесі көрсетілді.

Жұмыс қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар бақылау іс-шарасының нәтижелері мен мемлекетаралық қаржылық рәсімдерді одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қамтылған Жиынтық есепті бекітті. Енді құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері мен парламенттерінің қарауына жіберіледі.

Отырыс соңында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы әріптестеріне белсенді жұмысы мен сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдірді.

— Бірлескен тексерулер нәтижесінде мол тәжірибе алдық. Бұл қызметіміздің тиімділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінгі бірлескен отырыстың қорытындысы бойынша берілген ұсынымдар негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, көтерілген мәселелер оңтайлы шешімін табады деп сенемін, — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, Қызылордада аудит талабын бұзған 100-ден астам лауазымды тұлға жауапқа тартылған болатын.