Садыр Жапаров өз елінде ЖИ технологиялары фискалдық жүйеге, түрлі алаяқтық әрекеттерді анықтауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты енгізілгенін атап өтті.
Оның сөзінше, жасанды интеллект мемлекеттік процестердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің тиімді құралдарының біріне айнала алады.
– Цифрлық шешімдерді енгізе отырып, біз цифрлық егемендік мәселесіне тап болып отырмыз. Өз деректерін басқаратын ел – өз болашағын да басқарады. Ал сыртқы инфрақұрылымға, алгоритмдер мен жүйелерге тәуелді мемлекет осал күйде қалады. Сондықтан Қырғызстан ұлттық жасанды интеллект шешімдерін дамытуға басымдық беріп отыр, – деді С. Жапаров.
Сонымен бірге, Қырғызстан президенті жасанды интеллектінің ұлттық шекарасы болмайтынын атап өтті және бұл тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігі үлкен әлеуетке ие.
– Біздің елдерді терең тарихи ортақтық, мықты ғылыми дәстүрлер және ортақ экономикалық мүдделер біріктіреді. Бірлескен модельдерді әзірлеу, ортақ есептеу қуаттарын және деректер орталықтарын құру бағытындағы күш-жігерімізді біріктірсек, біз жай ғана пайдаланушы емес, жаһандық цифрлық күн тәртібінің тең құқылы сәулетшілеріне айнала аламыз, – деді Садыр Жапаров.
Айта кетейік, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы өтіп жатыр. Форум тақырыбы «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» деп аталады.
Бұл жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар келді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның сауда-логистика саласына жасанды интеллектіні белсендірек енгізуді ұсынған еді.