ЕАЭО елдерінде тіркеуде тұрған көлік құралдары Қазақстанда уақытша 5 жылға есепке қойылады
«Осы жылдың 23 қаңтарынан бастап елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруды жүргізуде. 160 мыңға жуық көлік құралы тіркелді. 22 мамырдан бастап автомобиль-конструкторларды тіркеу жалғасып жатыр. Көптеген азамат Ресейден немесе Еуразиялық экономикалық одан елінде есепте тұрған көліктерді есептен шығара алмауына байланысты сұрақтар қойып жатыр. Бұл мәселе де заңды шешімін тапты. Жақын арада осы көліктерді тіркеуді бастаймыз. Аталған көліктер уақытша есепке қойылады», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның атап өтуінше, мұндай көлікті есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері берілетін болады. Мемлекеттік нөмірлік белгі үшін 9 мың теңгеден, көлік құралы құжаты үшін 4300 теңгеден астам баж бөленеді. Сонымнен қатар 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төлейді.
«Ол көліктер 5 жылға ғана уақытша тіркеуге қойылады. Одан кейін азаматтар аталған көліктерді Қазақстанда тіркеу туралы шешім қабылдаса, онда көлікті ЕАЭО елдерінен есептен шешіп, елімізде тіркейді. Көліктерді тіркеу 1 шілдеден ары ұзартылмайды», - деді Алтынбек Жамалиев.