ЕАЭО елдерінің экономикалары интеграциялық жағдайға бейімделіп үлгерді - Cағынтаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ұлттық экономикалары интеграция аясындағы жағдайға бейімделіп үлгерді. Бұл туралы «Еуразиялық апталық» форумында ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕАЭО-ға мүше елдердің ұлттық экономикалары жаңадан қалыптасқан жағдайларға оңтайлы бейімделе алды. Жыл басынан бері негізгі көрсеткіштер бойынша, өсімнің жақсы қарқыны байқалуда. ЕАЭО ішкі жалпы өнім бірінші тоқсанда 0,8 пайызды құрады. Осы ретте өнеркәсіп саласындағы қарқынды өсім қуантып отыр. ЕАЭО елдерінің сыртқы сауда көлемі бірінші жартыжылдықта 28 пайызға артты», - деді Сағынтаев. 

Үкімет басшысының пайымынша, ЕАЭО-ның үшінші елдермен өзара сауда-саттықты арттырудағы тәжірибесі жалпы экономикалық байланысты кеңейтуде қолайлы жағдай жасап отыр.

«Қазіргі кезде еркін сауда-саттық туралы келіссөздер Израильмен, Сербиямен және Иранмен жүріп жатыр», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр экономикалық көрсеткіштердің негізгі бағыттарының бірі түрлі кедергілерді жоюға негізделгендігін атап өтті. Осындай қадамдар өңдеуші өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай жасайды.

«Кооперациялық тізбекті құрудың арқасында қайта өңдеу деңгейі жоғары бәсекеге қабілетті өнімді шығаруға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік кооперация өнім шығаруда компаниялар күш-жігерін біріктірудің ең тиімді жолдарының бірі. Қазіргі уақытта 12 еуразиялық технологиялық тұғырнамалар қалыптасты және олар бойынша 130-дан астам кооперациялық жобалар талқыланып отыр. Осы орайда ғарыш, медицина, ақпараттық-коммуникативті технология, табиғи ресурстарды өндіру, экология, ауыл шаруашылығы секілді бағыттар ескерілген. Алдағы уақытта бұл қадамдар еліміздің технологиялық жаңғыруын нығайтуға, бизнестің, ғылымның күштерін біріктіруге мүмкіндік береді», - деді Бақытжан Сағынтаев.