Қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды. Жиында агроөнеркәсіптік кооперация, техникалық және кедендік реттеу, тауарларды таңбалау және ЕАЭО-ның ішкі нарығын қорғау мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысында ЕАЭО елдерінің агроөнеркәсіптік кешеніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыру туралы ереже жобасы мақұлданды. Құжатқа сәйкес, Одақ бюджеті есебінен кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелер субсидияланады.
Қаржылық қолдау алу үшін жобаға ЕАЭО-ға мүше кемінде үш мемлекеттің кәсіпорны қатысуы керек. Субсидиялау мерзімі бес жылға дейін белгіленеді.
Бұл тетік өндіріс орындарын құру мен жаңғыртуға, ауыл шаруашылығында селекциялық, цифрлық және технологиялық шешімдерді әзірлеуге әрі енгізуге бағытталған жобаларды қолдауға мүмкіндік береді. Ереже жобасы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына жіберіледі.
Сондай-ақ ЕАЭО аясында органикалық өнімді тану тәртібі туралы келісім жобасы мақұлданды. Құжат органикалық өнім өндіру мен сертификаттауға бірыңғай талаптар енгізуді, сәйкестік сертификаттарын өзара тануды және өнімді таңбалау тәртібін біріздендіруді көздейді.
Келісім күшіне енсе, өзара саудадағы кедергілерді азайтып, қазақстандық органикалық өнім өндірушілерінің Одақ елдерінің нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Құжат қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу мақсатында ЕАЭО елдеріне жіберіледі.
Техникалық реттеу саласында Қазақстан әзірлеген «Синтетикалық жуғыш заттар мен тұрмыстық химия тауарларының қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламенті қабылданды. Ол өнімнің қауіпсіздігіне, қауіптілік түрлері бойынша жіктелуіне, ескерту таңбаларына және қауіпсіздік паспорттарын ресімдеуге бірыңғай талаптар белгілейді. Регламент 2032 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп жоспарланған.
Кедендік рәсімдерді жеңілдету үшін уәкілетті экономикалық операторларға уақытша сақтау алаңдарындағы тауарларға қатысты кеден органдарының рұқсатынсыз жүргізуге болатын операциялар тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарында тауарларды таңбалау, партияларға бөлу, жөнелтілімдерді қалыптастыру, сұрыптау, буып-түю және қайта буып-түю бар. Бұл өзгерістер бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, шығындарды төмендетуге және логистикалық процестерді жеделдетуге бағытталған.
Жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, шетелде ұзақ уақыт тұрған немесе ЕАЭО елдеріне көшіп келетін азаматтардың мүлкін кедендік бажсыз әкелу шарттары нақтыланды. Сондай-ақ жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатпайтын заттардың тізбесі айқындалды.
Бұдан бөлек, ет өнімдерінің жекелеген түрлерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тізімге шұжық, ысталған, тұздалған және кептірілген ет өнімдері, сондай-ақ еттен дайындалатын кейбір тауарлар енгізілді. Әр мемлекет өз аумағында таңбалауды енгізу мерзімі мен тәртібін дербес белгілейді.
Отырыс барысында Қытай, Вьетнам және Таиландтан әкелінетін жүк автомобильдерінің шиналарына қатысты демпингке қарсы шаралар да талқыланды.
Қазақстандық тарап жүк көліктеріне арналған шиналардың белгілі бір көлемін демпингке қарсы бажсыз әкелу мүмкіндігін сақтауды қолдайды. Сондай-ақ отандық автомобиль техникасын өндіруге және оған сатудан кейінгі қызмет көрсетуге қажетті шиналарды импорттау кезінде осы баждан босату ұсынылды. Бұл мәселе Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында одан әрі талқыланады.
Осыған дейін ЕАЭО экспортталатын тауарлардың шығу тегін анықтаудың бірыңғай ережесін бекіткен болатын.